«Қазақстанның экологиялық ұйымдар қауымдастығы» ЗТБ және Алматы қаласының әкімдігінің ұйымдастыруымен «Алматы қаласының қоршаған ортасын сауықтыру» дөңгелек үстелі өтті. Іс-шарада қаланың ластануына байланысты қоршаған ортаны сауықтыру мәселелері талқыланды.
Қазіргі танда Алматының еліміздің экономика, қаржы, мәдени және білім беру орталығы екені бәрімізге мәлім. Мегаполистің дамуы мен әлеуметтiк-экономикалық тұрғыда тұрақты iлгерi жылжуы, республикалық бюджеттiң төрттен бiр бөлiгiн қамтамасыз етуi – осының айқын белгісі. Бірақ өндірістің өсуі, экономиканың дамуы мен халықтың әл-ауқатының жақсаруы қоршаған орта мен экологияға кері әсерін тигізуде. Ауаны ластаушы факторлардың жылдан-жылға артуына байланысты қала атмосферасының ластану деңгейі халықтың денсаулығына кері әсерін тигізіп отырғаны – аса маңызды экологиялық проблемаға айналуда.
– Мақсатымыз – Алматының қоршаған ортасын сауықтырудағы экологиялық мәселелерді қоғамдастықпен және мүдделі тараптармен шешу жолдарын қарастыру. Еліміздегі мықты азаматтардың басын біріктіру арқылы нақты жоспарлар құрып, алдағы уақытта нәтижелі жұмыстар атқару. Бұған дейін, Астана және Қарағанды қалаларында да кешенді жоспар құрылып, меморандумға қол қойылған. Соның негізінде іс-шаралар тізімі жасалып, қазіргі таңда Астана қаласында автобустарды электромобильді жүргізуге рұқсат беру мен автокөліктерді балама энергия көздеріне ауыстыру сияқты жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бүгінгі дөңгелек үстел – жұмыстың бастамасы ғана, қалыптасқан жағдайды және қала халқының, қоғам белсенділерінің бағытын анықтадық, оның ішінде ауаның ластануы мен қалдықтарды тиімді пайдалану мәселесі қозғалды. Алда өтетін ауқымды шарада талқыланған мәселелер негізінде бүгінгі талап-өтініштер қала әкімшілігіне ұсынылады, – дейді «Қазақстанның экологиялық ұйымдар қауымдастығы» ЗТБ Басқарма төрағасының орынбасары Елдос Абаканов.
Сондай-ақ іс-шараға «Қазақстанның экологиялық ұйымдар қауымдастығы» ЗТБ Басқарма төрайымы Айгүл Соловьева, «Табиғат» экологиялық одағының төрағасы Мэлс Елеусізов, Қазақстандағы Konrad Adenauer Stiftung фондының директоры Томас Хельм және жергілікті атқарушы органдардың, мемлекеттік емес ұйымдардың өкілдері, экологиялық қауымдастықтың сарапшылары қатысты.
– Біздің қауымдастық құрамында 90-ға жуық экологиялық ұйым бар. Қазақстанның түкпір-түкпірінде түрлі жобаларды қолға алудамыз. Астанада жаңа экологиялық кодекс қабылданып жатыр. Біз де соған қатысты ұсыныстарымыз бен Алматыға қатысты тың идеяларымызды маусым айының аяғында дейін толық қамтып боламыз. Қуантатыны – әкімдіктердің экологияға көп көңіл бөліп, бізбен қарқынды жұмыс атқаруы. Бұл – өте маңызды. Қала әкімдігі бізді шақырады, олармен нәтижелі жұмыс атқарамыз. Себебі, қала әкімдігі өз тұрғындарының денсаулығы мен экологиясына көп көңіл бөлуі қажет. Көріп, сараптап шыққанымдай Алматыда тыныс алу жолдары ауруына шалдығатын адамдар көп. Бұл –ның ластығынан. Ал экологияға бөлінетін қаржы тікелей осы мәселелерге бөлінуі қажет, – дейді Айгүл Соловьева.
Дерек көзі: aikyn.kz