Павлодар облысында қоршаған ортаның ахуалына қатысты мәселелер шаш етектен, деп хабарлайды «Хабар 24».
Өндіріс ошақтарынан бөлінетін улы заттардың көлемі жыл сайын артып келеді. Былтыр ол 716 мың тоннадан асып кеткен. Өткен жылмен салыстырғанда 16% артқан. Бұл мәселелер облыстық қоғамдық кеңестің отырысында кеңінен талқыланды. Жиында экологиялық кодекс бойынша жұмыс тобын құру ұсынылды.
Индустриялық аймақ қоршаған ортаға тасталатын зиянды қалдықтар бойынша елімізде екінші орында. Қазақстанның өндіріс ошақтары бір жылда 2,3 млн тонна зиянды зат шығарса, солардың 35% облысқа тиесілі. Қалдықтар көлемін азайту үшін қоршаған ортаға эмиссиялардың жаңашыл стандарттыран енгізу және кәсіпорындарға шектеу қою керек.
Айгүл Соловьева, Қазақстанның экологиялық ұйымдар қауымдастығының басшысы:
– Өңір кәсіпорындары жасыл экономикаға бағыт алып, қолжетімді технологияларды қолдануда. Кешенді жоспар жүзеге асырылуда. Жүйелі жұмыс барысында аса зиянды заттарды шығаратын ошақтарға міндеттер артылған. Сонымен қатар ресурстарды тиімді пайдалану мәселесі шешілген.
Елді алаңдатқан тағы бір мәселе – Ақсудағы өндірістік қалдықтар. Бұған дейін талан-таражға түскен күл үйінділерінің жағдайы енді Үкімет деңгейінде реттелмек. Мамандардың айтуынша, алдағы уақытта микросфера жиналған нысанда геологиялық зерттеулер жүргізіледі.
Данияр Әлиев, облыстық экология департаментінің басшысы:
– Енді құрамындағы бар микросфераны зерттеу керек. Ол үшін үкіметтің геология саласындағы реестрге кіргізілу керек. Сол арқылы бірақ есептеу керек. Әрі қарай талап бойынша жеке тұлғаға берілуі мүмкін.
Облыста циклахена зиянды өсімдігімен күрес мәселесіне араға 20 жыл салып нүкте қойылмақ. Зиянды шөпті жоюға экологтар сынақ жүзінде «Жасыл ел» сарбаздарымен бірге атсалысуда.
Русана Самекова, «Жасыл ел» жасағының сарбазы:
– Циклахена поллиноз тудырады. Адамдар аллергияға шалдығады. Мал да уланып қалуы мүмкін. Сондықтан онымен күресу керек. Ғылыми тұрғыда зерттеу үшін бұл тақырыпты дипломдық жұмысыма арқау еттім.
Ақмарал Есімханова, тілші:
– Ертіс өңірінің ғалымдары алғашқы сынақ алаңы ретінде Кенжекөл ауылының маңындағы үш гектарлық жерді таңдап алған. Қазіргі таңда циклахенамен күресудің екі бірдей әдісі қолданылуда. Біріншісі химиялық, екіншісі механикалық тұрғыдан. Мамандардың айтуынша, зиянды өсімдікпен қазірден күресу керек. Себебі, бір өсімдік 300 мың данаға дейін тұқым шашуға қауқарлы.
Зиянды өсімдіктердің қара тізіміне енген шөп жайылған жер көлемі әзірге белгісіз. Оны есептеу жергілікті атқарушы билікке жүктелді. Кейін кешенді жоспар әзірленбек.
Татьяна Пономарева, биолог:
–Зертханалық жұмыстар қолға алынды. Зиянды шөптің тұқымдары топырақта сегіз жыл сақталады. Сынақ нәтижелері белгілі болғанда циклахенамен күрестің нақты әдісін ұсынамыз.
Өндірістік өңірді көгалдандыру мәселесі де өзекті. Өнеркәсіп нысандары көп облыста жасыл желек тым аз дейді мамандар. Қазіргі уақытта ағаштардың электронды реестрі жасақталып жатыр. Алдағы уақытта арнайы тұжырымдама бекітіледі. Жалпы экологиялық ахуалды жақсарту жұмыстарын арнайы жұмыс тобы қадағаламақ.
Дерек көз: 24.kz