Үкімет басшысы Асқар Мамин елдегі экологиялық ахуалдың нашарлауына байланысты денсаулық сақтау саласына жұмсалатын шығыстар ұлғайып бара жатқанын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Еліміздегі экологиялық жағдайды жақсарту – ҚР Тұңғыш Президенті — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың алдымыза қойған аса маңызды міндеттерінің бірі. Жыл сайын экологиялық қауіпсіздік мәселелері өзекті бола түсуде. Атмосфераға шығарылатын шығарындылар адамдардың денсаулығына ғана емес, экономикаға да әсер етеді. Денсаулық сақтау саласына жұмсалатын шығыстар ұлғайып, еңбек өнімділігі төмендеуде. Қазақстанда кейінгі 4 жылда атмосфераға тасталатын ластаушы шығарындылар көлемі 13 пайызға өсті. Ірі қалаларда ауаның ластануына әсер ететін негізгі фактор – автокөлік», — деді Асқар Мамин Үкімет отырысында.
Премьер-министрдің айтуынша, мысалы Алматы қаласында атмосфераға шығарылатын барлық шығарындылардың 65 пайызы – автокөліктерге тиесілі.
«Біз қоршаған ортаны барынша сақтап қалуымыз керек. Баламалы энергетиканы дамытып, қалдықтарды басқару мәселелерін пысықтау қажет», — деді ол.
Еске сала кетсек, бұған дейін ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев тиісті шара қабылданбаса, 2030 жылы болжам бойынша ластаушы заттардың эмиссиясы 3,6 млн тоннаға дейін өсетінін болжаған еді.
Деректер көзі: inform.kz