Елордадағы №77 мектеп-гимназияның оқушылары ерекше экологиялық жобаны іске асыруда.
Балалар 4 жылдан бері білім ұясында тәлім алып қана қоймай, бақша салып, оны күтіп-баптап, көл-көсір өнімге кенеліп жүр.
№77 мектеп-гимзанияның оқушылары үшін күз мезгілі жаңа оқу жылының басталар шағы ғана емес. Ала жаздай төккен тер ақталып, өнім пісіп, берекеге кенелетін уақыт та осы. Қызығы сол, егіс орны ретінде мектеп ауласы таңдалыпты. Бүгінде бұл жерде әр үйдің дастарханынан табылатын қызанақ-қиярмен қатар қауын, кәді сынды маусымдық көкөністің 20-дан астам түрі жайқалып тұр. 9 сынып оқушысы Саида Айтқазы да сыныптастарымен бірге өнімнің бітік шығуын бақылап жүр.
Саида Айтқазы, мектеп оқушысы:
— Көкөністің түр-түрін егеміз. Біз үшін бау-бақша салып, оны күтіп-баптау ешқандай қиындық тудырмайды. Керісінше бұл біз үшін қызық. Әрі уақытымызды пайдалы іске арнап жүргенімізге қуанамыз. Ара-тұра кішкентай балалар да көмектесіп тұрады. Кейде олардың ата-аналары бірге келіп, қолғабыс жасайды.
«Бұл жолы да жиын-терім маусымы сәтті өтетін секілді», – дейді жоба жетекшісі Жұлдыз Мұқышева. Теорияны тәжірибемен ұштастырған биолог осылайша жеткіншектерді еңбекке баулуды мақсат еткен. Айтуынша, жыл санап бұл іске ықыласы ауып, жұмысқа тіленіп келетін балалар көбеюде. Ал бау-бақша шаруашылығының қыр-сырына оқушылар мектеп жанынан ашылған «Флора және фауна» үйірмесінде қанығады.
Жұлдыз Мұқышева, биология пәнінің мұғалімі:
— Көкөністердің күтімін, эрозияға ұшыраған топырақты қалай қопсытып, зиянкестермен қалай күресу керектігін – барлық технологияны үйірмеден меңгеріп шығады.
Келісті күтімнен бөлек, тамшылатып суару жүйесін тиімді пайдалану да өнімнің мол шығуына әсер еткен сыңайлы.
Себет толы көкөніс енді мектеп асханасына жеткізіліп, одан ас-ауқат дайындалады. Мәселен, былтыр оқушылар өз қолымен көкөніс тұздап, олардың денін мұқтаж отбасыларға таратты. Игі істі биыл да жалғастыруға ниетті. Еңбекқор жастардың ендігі мақсаты: көкөніс алқабын кеңейтіп, мектептегі осы бір ерекше бастаманы көпке үлгі ету.
Деректер көзі: 24.kz