Президент Жолдауында қолжетімді және сапалы білім беруді шешу жолдары анықталған. Бұл туралы Алматы қаласының Білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Гүлнара Ермекбаева онлайн брифинг барысында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қолжетімді әрі сапалы білім алуды, балалардың мектепке дейін жан-жақты даму мәселесін, 2025 жылға дейін 6 жасқа дейінгі балаларды 100 пайыз мектепке дейінгі оқу мен тәрбиемен қамтудың шешу жолдарын айқындады. Сондай-ақ, балаларымыз қай жерде тұрса да, қандай тілде оқыса да сапалы білім алуы керек екенін атап айтты. Президент Үкіметке Қазақстан халқының тұрмыс жағдайы мен әл-ауқатын жақсарту мәселесі бойынша нақты тапсырма берді. Білім беру әлеуетін көтеру барысында қомақты қаражат бөлінуі жоспарлануда», – деді департамент басшысы.
Сонымен бірге, ол балаларға экология жайлы тәрбие беру және жалпы экологиялық мәдениетті дамытуға ерекше мән берілгенін айтты.
«Президент еліміздің әрбір азаматына қатысты экология мен қоршаған ортаны қорғау мәселесіне де тоқталды. Балаларға қоршаған ортаға құрметпен қарауды, табиғатқа деген ойлау қабілетін дамытуды қалыптастыру. Қоршаған ортамен қарым қатынаста болуды, өсімдіктер мен жануарларға қамқорлық көрсетуді, табиғатпен үйлесімді өмір сүруді балаға ерте жастан үйрету қажет. Осыған байланысты мектептерде кәзіргі уақытта «Экология» пәні оқытылуда», – дейді Г. Ермекбаева.
Сондай-ақ, ол Президенттің ерекше назарына алынған мәселелердің бірі балалар құқығын қорғау екенін атап өтті.
«Балаларды кибербуллингтен қорғау, спорт секциялары мен үйірмелеріне қоса қосымша білім беру мекемелерін ашу әкімдіктер мен білім беру мекемелерінің жүзеге асыратын ісі болып табылады», – деп толықтырды спикер.
Деретер көзі: inform.kz