Қазақстанда ең озық қолжетімді технологияларды (ЕҚТ) енгізетін кәсіпорындар экологиялық төлемдерден босатылады. Бұл туралы жаңа Экологиялық кодекс жобасы жөнінде өткен баспасөз мәжілісінде ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ахметжан Пірімқұлов айтты, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.
Вице-министрдің сөзінше, жалпы экологиялық проблема кезек күттірмейтін мәселенің бірі, сол себепті жаңа құжатты қарастырып, оны қабылдау үшін қазіргі жағдай кедергі емес.
«Экологиялық мәселелер әрқашан өзекті, оны шешу үшін тіпті төтенше жағдай режимі де кедергі бола алмайды. Алайда, қазіргі уақытта ірі өндірістік бірлестіктер коронавирустық пандемияның ықтимал салдарларына байланысты жаңа Экологиялық кодексті қарап, қабылдау уақытын кейінге қалдыру туралы мәселені көтеруде. Қазіргі таңдағы жағдайдың барлығы үшін оңай емес екенін білеміз, алайда Экологиялық кодекстің мәні мен маңызын түсіндіре отырып, оны қабылдап, орындау мерзімдерін қізіргі жағдай да кейінге қалдыра алмайтынымызды айтқым келеді», — деді вице-министр.
Ахметжан Пірімқұловтың айтуынша, экологиялық жаңа және қатаң талаптардың дәлі қазіргі уақытта өте қажет. Өйткені елдегі ауаны ластап жатқан жағдайлар осыны талап етеді.
«Елдегі экологиялық жағдайдың нашарлап бара жатқанын айта кету керек. Осыдан бірнеше апта бұрын пеш жұмысының тоқтауына байланысты күкіртті газы шығып кетуі салдарынан Теңізде төтенше жағдай болды. Сонымен қатар «АрселорМиттал Теміртауда» жылу электростанциясының шатыры жанды. Мұның бәрі ауаның ластануына әкелді. Егер соңғы алты айдағы немесе бір жылдағы статистиканы алып қарасақ, онда мұндай мысалдар жетіп артылады. Экологиялық жаңа және қатаң талаптардың дәлі қазіргі уақытта қажет екенін түсіну керек», — деді Ахметжан Пірімқұлов.
Сонымен қатар ол Назарбаев Университеті мамандарының пікірінше, денсаулық сақтау саласына кететін шығын мен осыған байланысты еңбекке қабілетті халықтың азаюы біздің экономикамызға жыл сайын 2,4 млрд долларды немесе ЖІӨ-нің 1,5% -құрайтынын атап өтті. Оның сөзінше, бұл еліміздің даму мақсаттарына сәйкес келмейді.
«Экологиялық кодексті мәжіліске жіберместен бұрын, талқыға салдық. Елдегі тау-кен және тау-кен металлургиялық кәсіпорындар қауымдастығы, KAZENERGY мұнай-газ және энергетика кешені ұйымдарының қауымдастығы, ұлттық кәсіпкерлер палатасы және басқа да бизнес өкілдері жаңа құжатты мақұлдады. Біз карантин деген сылтаумен реформаны кейінге қалдырып, экологиялық проблемаларға ақша салмай, құр қол қусырып отыра алмаймыз», — деді вице-министр.
Оның сөзінше, экологияға қатысты жаңа құжат өндірістің соңғы технологияларға көшуін қарастырады.
«Жаңа Экологиялық кодекс ең жақсы қол жетімді технологияға (ЕҚТ) көшуді қарастырып отыр. Осы норманы әзірлеу және енгізу кезінде біз өнеркәсіптік кәсіпорындар үшін үлкен шығындар талап ететінін білдік. Алайда біз онсыз мүмкін емес екенін жақсы түсінеміз. Теміртау, Балқаш, Өскемен, Қарағанды және тағы сол сияқты қалаларда қоршаған ортаның сапасы мәселесін шешудің жалғыз мүмкіндігі осы», — деді вице-министр.
Бұл, Ахметжан Пірімқұловтың сөзінше, 2025 жылдан бастап қолданыла бастайды. ЕҚТ-ның арқасында елдегі эмиссияның 70 пайызын шығаратын 50 ірі кәсіпорынға ғана әсер етеді.
«Сондай-ақ айта кету керек, ең қолжетімді технологияларды енгізетін кәсіпорындар экологиялық төлемдерден босатылады, сәйкесінше экологиялық төлемдердің өскен сомалары оларға қолданылмайды және үнемделген қаражат модернизациялауға жұмсалады. Осылайша, уәкілетті орган ЕҚТ-ны жүзеге асырудың тиімді мерзімін белгіледі. Сондықтан бқдан келетін кез-келген қауіп туралы айту әлі ертерек. Экологиялық кодекстің жобасында ЕҚТ-ны енгізуден бас тартқаны үшін кәсіпорындарды жабу туралы айтылатын нормалар жоқ», — деді ол.
Сонымен бірге вице-министрдің сөзіне сүйенсек, ең қолжетімді технологияларды енгізуді бұдан да ертерек бастауға ұсыныс білдіретін кәсіпорындар мен ірі компаниялар да бар екен.
«Айта кету керек, ең қолжетімді технологияларды енгізуді бұдан да ертерек бастауға ұсыныс білдіретін кәсіпорындар мен ірі компаниялар да жетерлік. Мәселен, «Казцинк» АҚ министрлікпен 2020 жылдан бастап ең жақсы қол жетімді технологияларға көшу туралы меморандумға қол қойды. Бұл алдағы 3 жылда компанияның шығарындыларын 20 пайызға төмендетпек. Бұл дегеніміз компанияның бірнеше жылдан бері өндірісті жақсартып, ластануды азайтып, ЕҚТ-ны енгізуге дайындық жұмыстарын істегенін көрсетеді», — деді Ахметжан Прімқұлов.
Бұдан бөлек вице-министр кәсіпорындардың экологияның нашарлауына әсер еткені үшін жергілікті бюджеттің қайда жұмсалатына тоқталып өтті.
«Көпшілік бізден кәсіпорындар экологияның нашарлауына әсер еткені үшін жергілікті бюджетке төлейтін қарататтың қайда кететінін, аймақтардағы экологиялық жағдайды жақсарту үшін қандай жұмыстар істеліп жатқандығы жөнінде сұрайды. Статаистикаға сүйенсек, өңірлер қоршаған ортаға жиналған ақшаның 40 пайызға жуығын экологияны қорғауға жұмсауды, кейбір аймақтарда бұл көрсеткіш 5 пайызға да жетпейді. Сондықтан біз барлық қаражатты қоршаған ортаны қорғауға жұмсау керек деген норманы қойдық. Бұл дегеніміз қоршаған ортаны көгалдандыру, саябақтар салу, тазарту, жөндеу жұмыстарын жүргізу, табиғи қоқыстармен күресу. Мұның бәріне экологиялық төлемдер жұмсалуы керек», — деді вице-министр.
Бұдан бөлек оның айтуынша, қазіргі кезде автоматтандырылған бақылау жүйесін енгізу мәселесі талқылануда.
«Қазіргі уақытта автоматтандырылған бақылау жүйесін енгізу мәселесін талқылануда. Бұл бизнесті тексеруді қысқарту арқылы дұрыс мәліметтер алу және оны халыққа ұсыну мәселесі болып отыр. Сондықтан, біз бұл норма міндетті түрде жасалуы керек деп санаймыз, қоғам шығарындылардың нақты көрінісін білуге құқылы. Монитор жасайтын датчиктер кейбір ірі кәсіпорындарда орнатылған, бірақ көп жағдайда олар нақты мәліметтерді жасырып қалуда», — деді ол.
Вице-министрдің айтуынша, жаңа Экологиялық кодекс жобасы экологиялық мәселелерді шешуге қоғамның толық қатысуын қамтамасыз етуге бағытталған.
«Жаңа Экологиялық кодекстің нормалары кәсіпорындарға қатысты талаптарды күшейту немесе оларды жабуға бағытталмағанын атап өткім келеді. Біздің мақсатымыз — қалаларда өмір сүру үшін қолайлы жағдай жасау. Кәсіпорындар неғұрлым ашық болуға және уәкілетті органға да, тұрғындарға да халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға негізделген шешімдері жөнінде нақты ақпарат беруге тиіс», — деп түйіндеді вице-министр.