Елдос АБАКАНОВ, Қазақстан экологиялық ұйымдары қауымдастығы Басқарма төрағасының орынбасары:
– Елімізде экологиялық заңнама қалыптасты деуге бола ма?
– Бүгінгі күні экологиялық заңнама толығымен қалыптасып болған жоқ. Иә, заман талабына сай өзгерістер енуде. Өзіңіз білесіз, биылдан бастап Елбасының берген тапсырмасы бойынша жаңа «Экологиялық кодекс» жасалып жатыр. Біздің қауымдастық оның тұжырымдамасын жасауға белсенді атсалысып, барлық жұмыс топтарына қатысуда. Онда, қателеспесем, 7 жұмыс тобы бар.
– Кодекс жобасына ұсынған нақты қандай ұсыныстарыңыз бар?
– Біріншісі, қоршаған ортаны қорғауда алдыңғы орында тұрған Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінің экологиялық заңнамасының негізгі принциптерін Қазақстанға тікелей енгізу керек. Экологиялық кодексте кешенді экологиялық рұқсатнама деген түсінік бар. Соның негізінде қолжетімді жаңа технологияларды енгізу қажет. Бізде соңғы 10 жылдың ішінде бірде-бір кәсіпорын осы кешенді экологиялық рұқсатнаманы алмаған. Бұл мәселенің түп тамыры неде? Мәселенің шешімі ретінде заңнамада жаңа қолжетімді технологиялар туралы түсінік бар. Бірақ та, ол түсінік тек қана Еуропада қолданылатын технологиялардың атауларын тізім ретінде ғана алған. Ал, нақты енгізу механизмі көрсетілмеген. Біз Ресей тәжірибесін қарадық. Онда қазіргі таңда қолжетімді жаңа технологиялар жақсы енгізіліп жатыр. Еуропада қолжетімді технологияларды енгізер алдында BREF-ке жүгінеді, ол дегеніміз нақты бір сала бойынша тиімді технологиялар мен әдістердің анықтамалық құжаты. Онда белгілі бір салаға анализ жасап, проблемасын анықтап, оған қандай әдістер мен технологиялар қолданылатыны көрсетіледі. Алайда, нақты технологияларды өндірушілерді емес, технологиялық әдісті ғана көрсетеді. Мысалға қарапайым цементті алсақ. Оны құрғақ немесе ылғалды әдіспен шығаруда қандай технологиялар қолданатынын кәсіпорын өзінің экономикалық жағдайына байланысты таңдайды. Оған ешкім талаптар қоймайды. Біз осы арқылы үлкен кәсіпорындарды қайта жаңғырту мәселесін шешеміз.
Екіншісі, экологиялық алымдарға қатысты. Әлі күнге дейін ол экологияны жақсартуға жұмсалмай келе жатыр. Оны белгілі бір қорға немесе басқа бір жерге жинап, талапқа сәйкес қолдану керек. Экологиялық төлемдер экологияға жұмсалуы тиіс. Әкімшіліктер эмиссиялардан түскен ақшаны бюджеттің негізгі бөлігі ретінде қарастырады. Егер сол қаражаттан қолжетімді технологияларды өндіріске енгізуге белгілі бір деңгейде субсидия жасаса, мемлекет қоршаған ортаға таралатын зиянды заттардың көлемін біршама азайтар еді.
– Бұл үшін рұқсатнама жүйесін де өзгерту қажет болмай ма?
– Әрине, оған либерализация жасау керек. Қазір, қарап отырсаңыз, кейбір жағдайда абсурдты дүниені көруге болады. Мәселен, әр жобаның қоршаған ортаға тигізетін әсерінің жоспары жасалады. Соған сәйкес ол міндетті түрде қоғамдық тыңдаудан өту керек. 50-60 мың тонна өнім шығаратын кәсіпорын мен кішкентай дүкенді салыстыруға келмейді. Бізде 4-категориялы кішкентай дүкен де қоғамдық тыңдау өткізуге міндеттелген. Біздің ұсынысымыз бойынша, 1-категориялы кәсіпорындар міндетті түрде қолжетімді жаңа технологияларды енгізуі қажет. 2-категорияда оны нормалау арқылы жүргізуге болады. Бір тонна өнім шығарғандағы энергияны тұтыну көлемі деген бар. Дәл сол сияқты 1 тонна өнім шығарғанда қаншалықты зиянды заттар шығаруға болады дегенді белгілеу қажет. Ал, 4-категорияны мүлде бақылаудан алып, декларация ғана жасатуға болады.
Бұдан бөлек гидрометрологиялық қызметті қайта жаңғыртып, экологиялық кадастр жасауды да ұсынып отырмыз. Бүгінгі күні ауаның да, орманның, судың да кадастры жеке-жеке жинақталған. Егер бұл жүзеге асса, барлық ақпаратты бір жерден алуға мүмкіндік болады.
– Жақында «Экологиялық кодекстің» тұжырымдамасы шыққан жоқ па?
– Министрлік оны жасарда осы салада жұмыс істеп жүрген кәсіпорындар мен қауымдастықтардың ұсыныстарын жинаған болатын. Министрлік кәсіпорынды санитарлық талаптармен емес, экологиялық талаптармен тексеруді ұсынып отыр. Осы арқылы көптеген мәселелер шешілмек. Қоғамның экологиялық мәселелерін шешудегі рөлін жоғарылатып, халықаралық конвенцияларды заңнамалық түрде іске асыру механизмдерін жасау керек. Осы іс-шарадан да көріп отырғанымыздай, көп жағдайда ол есепке алынбайды.
– Экологиялық алымдардың қазір көлемі қандай?
– Ол 70-120 млрд теңгенің арасында. Оның көлеміне әсер ететін түрлі факторлар бар. Мәселен, экономикалық әсерден жиналған қаражаттың көлемі жыл сайын өзгеріп тұрады. Өйткені, стандартты түрде кәсіпорын жыл сайын бір көлемде төлей бермейді.
– Кейбір кәсіпорындар технологияны жаңартқаннан гөрі, айыппұл төлегенді жеңіл деп санайды. Солай ма?
– 1-категориялы кәсіпорындардан міндетті түрде кешенді экологиялық рұқсат талап етіледі. 2-категориялы кәсіпорындар оны өз еркімен орнатқысы келсе, орнатады. Бірақ, онда нормалау басталады. Егер ол бір кезеңнің ішінде нормалау әдісімен кәсіпорын жағдайын қалпына келтірмесе, басқа экономикалық талаптар қойылады. Тіпті, қайталана берсе, оның жұмысын тоқтатуға дейінгі шара қолданылады. Қазір ірі кәсіпорындардың көпшілігі жаңа технологияларды енгізгісі келеді. Олар «Бұл үшін бізге заңнамалық құжаттарды, қолжетімді жаңа технологиялардың анықтамалығын жасап беріңдер. Егер оның ортақ тәртібі болса, біз осы технологияларды енгізуге дайынбыз» дегенді айтып жүр.
– Мәселенің бір ұшы көп жағдайда мамандардың кәсіби біліктілігіне келіп тірелетіні бар ғой…
– Маман дайындау мәселесін біз бөлек қарастырдық. Себебі, бүгінгі күнде эколог беделді мамандықтардың қатарына жатпайды. Төменгі баллмен-ақ грантқа ие болып, оқу бітірген соң қай жаққа барарын білмей жүргендер аз емес. Біз өз тарапымыздан орта білім беруде және мектепке дейінгі ұйымдарда экологияға қатысты мәселелерді бір пәннің аясымен шектемей, жаратылыстану ғылымдарына қатысты барлық пәндермен ұштастыруды ұсынып отырмыз. Мәселен, математика, химия, физика пәндерінде қатты қалдықтардың көлемін анықтауға қатысты тапсырмалар болса…
Одан кейін, жасыратыны жоқ, жергілікті атқарушы органдардағы құзырлы департаментте отырған кейбір сарапшылардың өндіріс орындарының ауаға таралып жатқан парниктік газдарының көлемі бойынша есебін тексеруге білімі жеткіліксіз. Сондықтан, біз оларды қайта даярлау курстарына жібермекпіз. Арнайы сертификаты жоқ мамандардың дұрыс қабылданбаған шешімінен болашақта экологияға зиян келетіні белгілі болса, ондай мамандарды мұндай жауапты жұмысқа араластырмау керек деп отырмыз.
Жоғары оқу орындары экологтарды дайындауда бағыт-бағдары түсініксіз мамандарды емес, салалық экологтарды дайындауы керек. Экология үлкен сала. Оның ішінде өндірістік, қолданбалы және тағы басқа да түрлері бар. Маман дайындаған кезде олардың санын нарықтың талабына сай анықтау қажет. Мүмкін, нарыққа бүгін 100 эколог керек шығар, бірақ біз оған қарамастан әлдеқайда көп экологтар дайындап жатқан шығармыз. Оның бәріне жүйелі түрде келген дұрыс.
– Қазақстан 2050 жылы әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына енуді жоспарлап отыр. Онда экологиялық қауіпсіздікті сақтау жағы қаншалықты ескерілген?
– Қазақстанның 2025 жылға дейінгі стратегиялық құжатында «жасыл экономикаға көшу» деген бөлімі бар. Оның тұжырымдамасын қарасаңыз, барлық сала бойынша баламалы энергиялық тиімділік, қатты қалдықтарды басқару және ауа, су сияқты мәселелер бойынша индикаторлар бар. Бұл мақсатқа қол жеткізу үшін түрлі заңнамалық актілер қабылдануда. Бірақ, оларды практикада іске асыруда түрлі қиыншылықтар жоқ емес. Мысалы, былтыр «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану» кодексі қабылданды. Қазір 1 жыл өтпей ол құжатқа өзгертулер енгізіліп жатыр. Себебі, бізде сарапшылардың көбі өзінің пікірі мен ұсынысын құжат жүзінде жазып беруге немқұрайлы қарайды. Жобаны талқылауға араласпай, нақты шешім ұсынбайды. Егер әр құжатты дайындағанда әрбір норманы өзгертер кезде оны неге өзгерту керектігіне дұрыс сараптама жасалса, мұндай жағдай болмас еді. Мәселен, бізде санитарлық аймақтарда ағаш егуге көп көңіл бөлінеді де, оны күту, қорғау ісіне жеткілікті мән берілмейді. Осыған қарамастан қаржы бөлу жыл сайын жалғасады. Яғни, ереже, әдістемелік ұсыныстар сияқты заңдық өзге құжаттар арқылы талап қою қажет.
– Әңгімеңізге рақмет.
Деректер көзі: zanmedia.kz