ҚазАқпарат – Бүгін елордада Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің ресми таныстырылымы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бұл жобаның мақсаты – қоғамдастықпен ашық диалогты құру, мемлекеттік орган қызметінде жемқорлыққа қарсы заманауи стандарттарды енгізу, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау мен жою. Жоба аясында қоғамдастықпен арадағы ақпараттық өзара байланыс министрліктің ресми сайтында, сондай-ақ қоғамда кеңінен тараған әлеуметтік желілерде іске асырылады», — деді министр.
Осы орайда, ол ведомствода азаматтар өтініштері мен шағымдарын қарастырудың алгоритмі, аталған жоба аясындағы ұйымдастыру шараларының жоспары бекітілгенін атап өтті.
«Жалпы, бұл бағыттағы жұмыстар жемқорлық белгілерімен күрес процесін тиімді ұйымдастыруға, қоғамға министрлік қызметіне тікелей қатысуға ықпал етеді деп үміттенеміз. Бұл тұрғыда министрлік туындаған прблемалар мен қатерлерге жедел әрекет ететін болады», — деп тоқталды Мырзағалиев.
Өз кезегінде Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Айгүл Соловьева бұл жоба ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бастамасымен іске асырылғанын атап өтті.
«Жобалық кеңсе аясында сыбайлас жемқорлық тәуекелдер талқылау үшін, сондай-ақ өзге де игі жоспарларды пысықтау тұрғысында өзара іс-қимыл алаңы құрылып отыр. Бұл алаңда ел тұрғындары өз пікірлерін емін-еркін жеткізе алады. Жалпы, біз ерекше кеңсені құрдық, яғни цифрлық форматты іске асырудамыз. Кеңседе өтетін кездесулерде көтерілген әрбір мәселені зерттейтін боламыз. Салада жемқорлық тәуекелдері болуы мүмкін жағдайлар болады, сондықтан әрбір бағыттағы жұмысты ашық әрі түсінікті жүргізуге атсалысамыз. Атқарылатын шаралар түсінікті және қолжетімді болса, онда жемқорлық тәуекелі де айтарлықтай төмендейді», — деді Айгүл Соловьева.
Деректер көзі: inform.kz