Сардоба су қоймасындағы апаттан кейін қазақстандықтар көрші мемлекетте салынатын АЭС-ке де күдікпен қарай бастады. АЭС-тің көршілес мемлекеттер қауіпсіздігі мен экологиялық мәселелеріне әсері қандай болмақ, мамандар не дейді?
Азаматхан ӘМІРТАЙ, «Байтақ болашақ» экологиялық альянсының төрағасы:
– Өзбекстандағы АЭС құрылысы шекараға жақын жерде жүріп жатқандықтан ғана Қазақстан үшін маңызды
деуге болмайды. Жалпы АЭС сияқты үлкен жобаларды қоғамның, ғылымның талқылауынсыз салу өте қауіпті.
Мұндай мәселені жүзеге асыру үшін алдымен қоғамның ашықтығы керек. Ал, бәріміз Кеңес Одағынан шықсақ та Грузия, Қырғызстан, Украина елдеріндегі демократия мен саяси ашықтықты Қазақстан, Өзбекстан, Ресей елдерімен салыстыруға болмайды. Онда бір нәрсе жасалса толық зерттеліп жасалады, халықтың, партиялардың пікірі тыңдалады. АЭС қандай қаржыға салынады және оны кім салады деген сауалға нақты жауап алу қиын. Одан кейін қазір жартылай сауатты ғалымдар өте көп. Ғалымдарда да, атқарушы билікте де ешқандай тәртіп жоқ. Осындай жағдайда АЭС сияқты жобаларды жүзеге асыруға болмайды. Егер ол біржақты жүргізілсе қауіпсіздік мәселесі қаралмайды. Ол тек Президенттің шешімімен ғана салынатын дүние емес. Жан-жақты ғылыми талдаумен өте ұқыпты жасалу керек. Бұдан бөлек шешім қабылдауға ешбір елдің саяси ықпалы болмауы керек. Өзбекстан АЭС-ті Ресеймен бірлесіп салып жатқандықтан, Қазақстан оған халықаралық талаптар бойынша өз қарсылығын білдіре алмай отыр. Өйткені, Ресейдің ықпалы бізде жоғары екені белгілі. Сондықтан, өз басым оның құрылысына түбейгелі қарсымын. Қажеттілік пен мүмкіндіктің ара-жігін толық айырып алмай, ондай құрылысты жүргізу Қазақстан үшін де өте қорқынышты.
Елдос АБАКАНОВ, Қазақстан экологиялық ұйымдары қауымдастығының басқарма төрағасының орынбасары:
– Өзбекстан мен Ресейдің келісіміне сәйкес Өзбекстанда құрылысы жоспарланған АЭС соңғы ақпарат бойынша Тузган өзенінің маңайында салынады. Ол Қазақстаннан бірнеше шақырым жерде орналасқандықтан экологтар шекара маңында салынатын ірі жобалардың барлығы көршілес мемлекетпен келісілуі керек деген тұжырымдаманы қолдайды. Себебі, бүгінгі таңда жалпы ақпарат бойынша осындай құрылыстың басталатыны жөнінде Өзбекстан тарапынан ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне арнайы ресми ақпарат берілген жоқ. Халықаралық тәжірибеге, халықаралық заңнамаға сәйкес трансшекаралық аймақтарда жасалатын жобалар көршілес мемлекетпен келісілуі керек. Мәселен, Шекарааралық тұрғыдан қоршаған ортаға жасалатын әсерді бағалау туралы 1991 жылы қабылданған конвенцияға сәйкес барлық мемлекеттер зиянды немесе қоршаған ортаға зиян келтіретін жобалар мемлекеттің өз ішінде ғана емес, сырт елдегі басқа да мемлекеттермен келісілуі керек. Қазақстан оған қол қойып, 2001 жылғы 11сәуірде күшіне енген болатын. Өзбекстан осы конвенцияға қол қоймаған. Сол себепті мәселесін өзі шешуде Біздің ойымызша бұл дұрыс емес. Еліміздің экология және энергетика министрліктеріне қандай жағдайда болсын ұсыныстар жіберілуі керек. Тағы бір мәселе бұл жоба іске асырылған кезде қоршаған ортаға әсер ету жобасы жасалады. Біздің ойымызша ол МАГАТЭ ұйымының ережелеріне сәйкес жасалып, халықаралық сараптамалардан өту керек. Оның ішінде экологиялық сараптама да халықаралық болу керек.
Деректер көзі: zanmedia.kz