Қолданылған материалдарға міндетті түрде www.24.kz сайтына гиперсілтеме берілуі тиіс / Любое использование материалов допускается только при наличии гиперссылки на www.24.kz
Әлемде жаһандық жылыну туралы жиі айтылады. Тіпті оның салдарын ғалам тұрғындары қазірдің өзінде айқын сезіп те жатыр.
Ал БҰҰ мамандары дер кезінде қарекетке көшпесе, Жер беті жақын арада 2 градусқа дейін ысуы мүмкін екенін айтады. Осы жаһандық жылыну Қазақстанға қалай әсер етіп жатыр?
Арқа дегенде көпшілігіміз арқыраған аяз бен өкпек желді еске аламыз. Алайда бұл теңеу бүгінде бас шаһарға қаншалықты дәл келеді? Қыстың басы қараша деп кеткен қазақ әлі күнге шекпенді тонға ауыстыруға асығар емес. Ал мамандар басты себеп климаттың жылынуында дейді. Бұл құбылыс 20 жылдан бері байқалып келеді.
Зерттеулерге сүйенсек, осы аралықта елордада орташа жылдық температура 0,5 градусқа көтерілген. Жел де бұрынғыдай ұйытқи соқпайды. Себебі жылдамдығы секундына 1 метр шамасына дейін баяулапты.
Марина Шмидт, «Қазгидромет» гидрометеорологиялық орталығының директоры:
— Желдің жылдамдығы бұрын секундына 3,6 метр болса, қазір ол 2,8-ді көрсетіп отыр. Сондай-ақ желдің бағыты оңтүстік-батыстан оңтүстікке ауысты. Қазір бас қалада желге қарағанда, тымық күндер көп болады. Қыс та бұрынғыдай қатты емес. Боранды күндер екі есе, 27 күннен 14 күнге дейін қысқарды. Жалпы жылдың қай мезгілінде де жаймашуақ кездер басым екенін байқап жүрміз.
Аязды қыстың ауылы алыстағалы қашан. Тарих беттерін ақтарсақ, елордада сүйектен өтер суық соңғы рет 1893 жылы тіркеліпті. Ол кезде сынап бағанасы 52 градусқа дейін төмендеген. Яғни содан бері 100 жылдан көп уақыт өтті. Ал кейінгі жиырма жыл ішінде 2012 жылдың 15 желтоқсаны аязымен есте қалған. Дегенмен, экологтар жаппай жылыну тек елорда ғана емес, Қазақстанның бүкіл аймағында байқалады дейді. Бірақ мұны табиғаттың төтенше мінезіне балап, қол қусыруға тіптін болмайды. Өйткені климаттың өзгеруі экологиялық апаттардың басы болуы мүмкін.
Сәкен Ділдахмет, Қазақстан экологиялық ұйымдар қауымдастығының сарапшысы:
— Мына БҰҰ мамандары айтып отыр, әлемнің темпаретарурасы 1 жарым гарлдустан асып кететін болса, егер онда соңғы 10 жыл ішінде климат түгелімен өзгереді. Бір ғана мысал, Қазақстанда су тапшы. Жылдан жылға су азайып жатыр. Мұның өзі үлкен себеп. Сол себепті Қазақстан өз алдына мақсат қойып отыр. бұл баламалы энергия көздерін 3 проценттен 15 процентке жеткізу, көмірді қолдануды 40 процентке дейін түсіру мақсатын қойып отыр.
Демек, климаттың өзгеруі адам әрекетінің салдары. Бүгінде жаһан ғалымдары бұл проблеманы шешудің жолдарын іздеп әлек. Соның бірі Париж келісімі. Оған сай біздің ел 2060 жылға дейін көміртектен бейтарап мемлекетке айналуға күш салады. Бұл реформа өндіріс орындарынан бастап экономиканың барлық саласын қамтуы тиіс. Алайда оның нәтижесі қалай боларын уақыт көрсетеді.
Деректер көзі: 24.kz