Атырауда «Қазақстан экологиялық ұйымдары қауымдастығы» Қоғамдық экологиялық бақылау «Жайық өзенінде балық қырылу себептерінің объективтілігін бағалау» атты пікірталас алаңын ұйымдастырды.
Еске салсақ, 2018 жылдың желтоқсан айының басында Жайық өзенінде 123 тоннадан астам балық қырылып қалған еді. Алайда су маржандарының ажалына не себеп, сондай-ақ олар қандай кеселге ұшырады? Әлі күнге дейін бұл сұрақтарға мардымды жауап жоқ. Бүгін өңірде өтіп жатқан пікірталаста осы жайттардың көлеңкелі тұстарына сәуле түсуі тиіс.
Анығын айту керек, қауымдастық балық қырғынына кім кінәлі деген сауалға жауап бере алмайды. Ол құқық қорғау органдарының құзырында. Бүгінгі басқосу Жайық өзеніндегі тосын жағдайдың туындауына не себеп болғанына көп болып жауап іздеуді көздейді. Себебі ғасырлар бойы облыс тұрғындарының асыраушысы болып келген Жайықтың ахуалы жұртшылықты алаңдатып отырғаны анық. Қауымдастық қолда бар деректерді сараптап, балық қырғынының себебін анықтауға жұмыстанған. Пікірталас алаңына орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың, бизнестің, үкіметтік емес ұйымдардың, сараптамалық экологиялық қауымдастықтың басшылары мен өкілдері шақырылды. Сонымен Жайық өзеніндегі жаппай балық қырғынына не себеп? Осындай өкінішті оқиға қайталанбауы үшін не шара атқару керек?
Қазір Жайық өзенінде жағдай қалпына келе бастады. Облыстағы 15 өндірістік кооператив көктемгі балық аулау маусымын уақытылы бастады. Балықтың жүрісі де жаман емес дейді мамандар. Ендігі мақсат – былтырғы оқиға қайталанбас үшін атқарылатын шараларды пысықтау. Кеше экологиялық ұйымдар қауымдастығы Атырау облыстық әкімдігімен меморандумға қол қойды. Ол экологияға қатысты күрделі мәселелерді шешуге оң ықпал етуі тиіс. Мұнайлы өңірде басталған экология тақырыбындағы пікір алысу әлі аяқталған жоқ. Шара барысында ғалымдардың сала мамандарының да ойлары ортаға салынады. Сол пікірілер қорытылып, өңірде табиғат қорғауға арналған кешенді бағдарлама жасақталады деп күтілуде.
Болашақта осындай қайғылы жағдайларға жол бермеу және негізгі шараларды қабылдау кезінде ұсыныстарды салыстыру және әзірлеу үшін қосымша зертханалық зерттеулер жүргізді.
Нәтижесінде қауымдастық қалыптасқан жағдайды бағалауға бағытталған түрлі көзқарастарды талқылайды. Болашақта осындай құбылыстардың алдын алу үшін қоғам мен мемлекеттік органдардың күш-жігерін біріктіру жолымен Жайық өзеніндегі балықтың қырылу себептерін жан жақты позицияларда ұсыну призмасы арқылы объективті негіздемелер беруді ұстанады.
Источник: 24.kz