Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. «Қазақстанның экологиялық ұйымдарының қауымдастығы» ЗТБ басқарма төрағасының орынбасары Елдос Абақанов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауына қатысты пікір білдірді.
Президент бүгінгі Жолдауында экономиканы жасылдандыру мен қоршаған ортаны қорғау мәселесін көтерді. Сонымен қатар, үш жылдан бері әзірленіп жатқан экологиялық кодекстің қабылдануын тездету бойынша да тапсырма берді. Меніңше, бұл – өте өзекті мәселе. Себебі бүгінгі таңда экология саласында бірқатар заңнамалық өзгерістер енгізіліп жатыр, — деді ол.
Абақанов айтып өткендей, қоғамдық және экологиялық бақылау тетіктерін дамыту бойынша бірқатар өзгерістер енгізілуде.
Қоғам алдында көптен бері осы тетіктер мен реформалар экология саласына қашан енгізіледі деген сұрақтар туындады. Енді осы сұраққа нақты жауап алдық. Келесі жылы жаңа экологиялық кодекспен жұмыс істейміз. Ауасы ластанған аймақтарда кәсіпорындар басқаша жұмыс істейді. Осы реттеу ОЭДҰ елдерінің тәжірибесіне сай болады. Әрине, одан бөлек экология саласын қаржыландыру мәселесі ерекше қаралады, — деді ол.
Ол атап өткендей, Президенттің тағы бір ұсынысы — жасыл өсім бойынша ұсыныстар қалыптастыру.
Осы жұмысты жалғастыру бойынша біз барлық сарапшыны біріктіре алуымыз керек. Екіншіден, экономиканы жүйелі түрде жасылдандыру бойынша барлық индикаторды қайта қарастыруымыз керек, — деді ол.
Деректер көзі: baq.kz